Артық білім кітапта…

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Дүниежүзілік кітап күніне орай кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіре отырып, көпшілікке кітап оқудың қажеттілігін насихаттап, кітапхана ісін заманауи бағытта дамытып, тың идеяларды ілгерілету мақсатында «Біз әлемді үлкен кітапханаға айналдырамыз» атты кітапханалық бульвар мерекелік іс-шарасын Тараз қаласы Қайрат Рысқұлбеков саябағында түрлі форматта ұйымдастырды.

Кітапханалық бульвар шымылдығы әдеби- шығармашылық концертпен ашылып, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романынан үзінді оқылып, Шерхан Мұртазаның шығармасының ең үздік кейіпкері сомдалды. Ал, аймақтың өнер шығармашылық орталықтарының өнерпаздары музыкалық өнерлерін оқырманға паш етіп, қала тұрғындары мен қонақтарға спорттық дойбы, шахмат және тоғыз құмалақ сияқты ойындар ойнатылды.

Сондай-ақ, «Библиокафе» мәзірінде танымал шығармалар мен туындылардан ас әзірленіп, «Шатырлы» қалашығының жастары жергілікті ақындардың жыр-шумақтарын орындады. Этноауылдың әжелері салт-дәстүрді жаңғыртып, ертегі оқып психологиялық қолдаумен өзін-өзі тану тренингтері ұсынылды.

Сонымен қатар, 3D форматында кітап инсталяция көрмесін ұсынып, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Шерхан Мұртаза, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы мен түрлі тақырыптарды қамтыған кітап көрмелері ұсынылды.

Шараға «Болашақ» мектеп-интернаты, зағип оқырмандар және жоғары арнаулы орта оқу орындарының студенттері, волонтерлар, үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері, облыс тұрғындары белсене қатысып, жақсы әсерлерімен бөлісіп, кітапхана ұжымына алғыс білдірді.

 

Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА