АТЫЛДЫМ КӨККЕ ЖАЙ СИЯҚТАНЫП…

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай  Алматы қаласында Кітап Палатасының директор орынбасары,  жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы және мемлекеттік  «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Республикалық бірнеше жыр мүшәйраларының бас жүлдегері Маралтай Райымбекұлымен «Атылдым көкке жай сияқтанып»  атты онлайн поэзия кешін өткізді.

Кездесуде әлеуметтік желі арқылы ақынға «Бексұлтан Нұржеке, Рахымжан Отарбаев бастаған қаламгерлермен бір қатарда «Қаратау ғазалдары» жинағымен мемлекеттік сыйлыққа түскендегі мақсатыңыз?»,  «Өлең жазғанға дейін, яғни толғаныс үстінде жүргендегі хәліңіз бен өлең жазып болғаннан кейінгі жағдайыңыздың айырмашылығы бар ма?», «Қыздарыңыздың поэзиядағы талпыныстарына ақын ретінде не айтар едіңіз?», «Таяуда Темірхан Медетбек кезінде өзі алтынкөпірліктер деп атаған сіздің буын жайлы ойын білдірді. Сол алтынкөпірліктерді талантты буын дей отырып, бүгінде бауырын кеңінен жазып шаба алмай жатқандарына сын айтты, Сіздің ойыңыз?»,

«»Аруана» деген поэмаңызды оқыдық. Ғажап дүние. Дегенмен оқырмандар «Әдилә», «Кентавр», «Мұхаммедті растау», «Алматы» секілді өлеңдеріңізді сағынатын секілді. Ондағы рух та, поэтикалық әуен де, тосын теңеулер де жұрт жадынан өшпек емес. «Келген ақын сол менмін» деген сөзді айтқан соң оны ұдайы дәлелдеу керек. Дәлелдеп жүрсіз бе?», — деген сан салалы сауалдар келіп түсті.

Маралтай Райымбекұлы Тәуелсіздік жылдарындағы поэзияның дамуы, жас ақындардың екпіні,  Мемлекеттік сыйлыққа қатысудағы мақсаты,  жайлы кеңінен әңгіме өрбітіп, оқырмандар сауалдарына шынайы жауап беріп, бірнеше өлеңдерін оқыды.

Кеш соңында арнайы кітапхана атынан ақынға естелік сыйлық табысталды.

Aq jol – Aqparat Атылдым көкке жай сияқтанып…

[Мәтін] Aq jol – Aqparat — 2021 3 сәуір. — №37 — 6 б.