ЕГЕР АҚЫН БОЛМАҒАНДА ФИЗИК БОЛАР ЕДІМ

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар Одағында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ақын, жазушы Тоқтарәлі Таңжарықпен онлайн сұхбат өткізді. Әдебиеттің, жазушылықтың төңірегінде өрбіген әңгіме-сұхбатта негізінен экспромт сұрақтар қойылды.

  • Бала Тоқтарәлі өлең жазып жүргенін қанша жасында аңғарды?

– Мектеп жасынан бастап жазуды бастадым. Мектепте арнайы мақалалар, өлең жаздыратын, мысалға: көктем, жаз, күз деген сияқты. Алғашқы өлеңім «Қоштасуды» 7 сыныпта жаздым. (жымиды)

-Әлемді жаулаған пандемия сізге қалай әсер етті?

– Қазір үйреніп қалдық. Бірақ ең алғаш кез өте қиын болды, психологиялық тұрғыда. Бірақ, дәл осылай ұзаққа  созылады деп ешкім ойлаған жоқ. Өтпелі-кетпелі деп ойладық, десе де, шығармашылық адамдарына жеке, оңаша қалудың пайдасы болды деп ойлаймын. Бірақ халықтық, мемлекеттік тұрғыдан өте ауыр тиді.

  • Тоқтарәлінің аты оқырманға поэзиямен таныс етін. Кейінгі кезде проза жанрында ерекше аталып жүрген азаматтардың бірісіз. Проза мен поэзия бір бірінеен бөлек жанр емеес па? Екеуінің қайсысы жүрегіңізге жақын?

– Проза көп ойлануды талап етеді. Ал, поэзия ойламаған дүниеден жазылуы мүмкін. Мен негізі «қара шаңырақ» туралы дүние жазғым келді. Поэма жазам деп ойладым, кейіннен сол дүниемді проза қылып жаздым. Екі жақтың табиғаты басқа, тақырыбы басқа, мүмкіндігі басқа сондықтан мен  тек осы жанрда жазам деу қисынсыздау.

         – Тоқтарәлі Таңжарық пен Ерлан Жүністің «Екеудің әңгімесі» айдарымен берілген дүниелердің басын құраса, олда талай оқырманның көңілінен шығып тәнті ететін кітапқа айналары хақ. Осы туралы өз ойыңыз қандай?

– 2008 жылы Ерлан екеуміз «Қазақ әдебеті» газетінде журналист болып жұмыс істедік. Ол кездегі бас редакторымыз жаңа айдарлар, тың  мақалалар жазуға тапсырма беретін. Содан аяқ астынан туған идея, «Екеудің әңгімесі» айдарымен 4-5 рет сұхбаттастық, жастық максимализм бар ойымызды оқырман  жылы қабылдады, әр-түрлі тақырыптардың басын қосып, ой айта білдік. Сында айтылды.

  • Ақ өлең, қара өлең деп жатамыз.. Заманауи поэзияны алып келіп, бұрынғы көнекөз поэзияны қорқытып алған жоқпыз ба?
  • Олай ойлауға болмайды, әдебиет түрлі жанрда, түрлі мәдениетте, тақырыпта даму керек деп ойлаймын. Жалпы әдебиет ағымы деп айтамыз ғой,  ағым дегенде көбіне діни ағымды айтқандай қорқынышпен қабылдайды. Бұл жерде өнерде шектеу болмау керек, ақ өлең — еркін өлең, барынша сезіміңді, ой-түйсігінді, бір бүршік жарған әлемді сен еркін түсіну ішін кейде еркіндік керек. Қазір жастардың көбі  сол бағытта жүріп келеді. Әрине,  дәстүрлі қара өлең мен қазіргі жаңа поэзияда қарама -қайшылықтар болып тұрады, бірақ, бір-бірін жоққа шығармау керек. Ежелгі тасқа басылған түркінің өлеңдерін қарасаңыз оларда еркіндік бар. Кейінгі жыраулар поэзиясын көбіне айтыспен шатыстырып алып жатқан жағдайлар болады. Еркін өлең, ақ өлең, негізі өлең — әрқашан өзінің еркіндігін бағалау керек, еркін дүние тууы керек.

– Ақын мінезсіз болмайды. Ақындардың шым-шытырық мінезін өлеңінің құдіретіне қарап кешіре аласыз ба?

– Мінез — әр адамның жаратылысына байланысты. Бізде бір қате түсінік бар, ақындарда мінез болу керек десе, жасанды мінез шығаратын. Мен ақынмын ғой деген ұғыммен, туа бітті жақын мінездерін жасырып, «ақын мінезімен» көрінгісі келетін стереотип бар, одан құтылу керек. Адам табиғи мінезімен жүрсе,  бұл шынайылық. Өзім көрген бір оқиғаны айтып берейін. 2011 жылы Түркияда мүшайра өтті. Түркиядан 70-80 ақын қатысты, басқа мемлекеттерден татарлар, өзбектер, қырғыздар, қазақтар болды. Сонда менің бір таңғалғаным, 70-80 ақынның бәрі өте сыйласымды және ішпейді.  Ал, бізде 70-80 ақынның басы қосылса қалай болар еді деп ойладым, демек, олар түркі мәдениетін, өздерінің болмысын сақтаған. Бізде кеңестік идеология және орыстық әдебиетшілердің мінезі сақталып қалған…

  • Шығармаларыңыздың поляк тіліне аударылған сәтін қалай қабылдадыңыз? Ол кітап қолыңызға тиді ме?
  • Осыдан бірнеше жыл бұрын шет елдік нөмірден қоңырау түсті. Польшаның түркітану орталығынан хабарласыпты. Менің 2008 жылы шыққан кітабымды, поляк тіліне аударсақ деген ұсыныстарын айтты. Ол елде «Еркіндік» атты жыр фестивальі өтеді екен. Оның шарты бойынша  әлемнің жеті ақынының жеті кітабын поляк тіліне аударады, сол жеті ақынды шақырып,  бір апталық поэзия фестивалін жасайды. Арада  екі жылдай процесс жүрді. 2014 жылы 17 наурызда отбасыммен кітабымның шығарылымына бардық.

        – Тоқтарәлі ақын болмаған да, кім болар еді?

– Егер мен ақын болмағанда физик болар едім, себебі мен физикаға, математикаға жақсы едім. Мен 4 жыл физика оқығам. Бала Тоқтарәлінің ғарышға ғашықтығы сол жақа апарған, сосын сөз жеңді.. (Күлді)

    – Осы ақындар билікке қатты құмар ма?

– Әркім әр түрлі,  жақындары да бар.

Өлең жазуда, прозада болсын қандай тақырыптарға жазасыз?

– Мен жалпы тақырып таңдамаймын. Бұл өте қиын.  Белгілі тақырыптарда жаза алмаймын, әсіресе, поэзияда.

 – Ақын болып өмір сүру несімен қиын, несімен ғажап?

– Өте қиын. Кез келген адамның өз мүмкіндігі болады. Менде бар дүние сізде жоқ болуы мүмкін. Сондықтан тек ақынның ғана өмірі емес, кез келген адамның өз өмірінің қиындығы бар. Ақынның қоғаммен ілесіп жүруі қиын.

 –Әлем әдебиетін оқып болғаннан кейін,  қазақ әдебиетін оқу қиын деп жатады. Сіздің осыған көз қарасыңыз қандай?

– Жеке пікірім мен ондай көз қараста емеспін. Әрине, социалистік кесапат көп болды.  Қазақ әдебиеті ешнарседен кем емес.

 – Махаббатты жырламаған ақын жоқ. Сіздің ұғымыңыздағы махаббат…

–Махаббат деген бітпейтін, киелі тақырып. Ол жайлы жырлау керек, айту керек. Әр заманның өз кейіпкері, өз шындығы болады. Оқырманның сұранысына қарай дүниелер туады.

Әңгімеңізге рахмет!

Гүлнұр Алтынбекова Егер ақын болмағанда физик болар едім
[Мәтін] Г.Алтынбекова — Арай — 2021 9 маусым. — №45 — 8 б.