МЕН ӨМІРДІ СҮЙЕМІН

Жаратқан менің жанарымды алғанымен,  өмірді шексіз сүйетін жүрек, мол мүмкіндіктер берді.

Өмір қиындықсыз болмайды, адам өз сағын сындырмай,  мойымай ел қатарлы өмір сүре білу керек. Біз сияқты қаншама жан жанары көрмесе де еңбек етіп жақындарын асырап отыр.

Өзіңді қоршаған қызыл-жасыл ғажап дүниені көрмеу, психологиялық тұрғыда ауыр соққы, жүрегіңді езіп жіберетін мұң. Ал, оны солай қабылдап еңсере білу —  азаматқа тән үлкен жігеріңді көрсетеді. Маған осы тұрғыда асыл жарым, қос құлыным мен ұжымымның көмегі көп.

2008 жылы 1 ақпан күні Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына кітапханашы болып кірдім.

Мұндағы зағип жандарға барынша қолдау көрсететін шағын ұжым мені жылы қабылдады. Өмірге қажеттілігімді арттырып, бедерлі-нүктелі қаріпте кітап шығару жұмысын  сеніммен тапсырды.

2014 жылдап бастап  кітап шығару жұмысына үлкен ықыласпен кірістім. Осылайша елдегі соңғы жаңалықтармен танысып, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары мен Президент Қ.Тоқаевтың Жолдау мен мақаларын, жергілікті ақын-жазушыларымыздың кітаптарын, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жарияланған әдебиеттерді Брайль қарпіне аударып келем. Осылайша, облыстың зағип тұрғындары әлем және қазақ әдебиетінің  классиктерін оқи алады.

Мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан тысқары қалдырмай, еңбек еткізіп, жағдайын жасап отырған еліме  рахмет айтамын. Мен өмірді сүйемін.


Ербол Бегимов Мен өмірді сүйемін
[Мәтін] Е.Бегимов — Ақ жол — 2021 10 сәуір. — №39 — 4 б.