МҰҚАҒАЛИ — МӘҢГІЛІК ЖЫР

Күннің көзін қырау шалып, ақпан айы туғанда, мұзбалақ ақынның таңдайына біткен тәтті жырды екі есе аңсап, іздеп қана қоймай, жер-жерде Мұқағалиді еске алуға арналған жыр кештері мен түрлі байқаулар ұйымдастырылып жатқанының куәсіміз.

Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың, – деп еске алып тұруымызға өтініш білдіріп кеткен ақынды жырсүйер қауым ешқашан ұмытқан емес. Осы сөздің айғағы болып, Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Есіңе мені алғайсың» атты ақынның құрметіне арналған кеш ұстаз, актер Ұлан Абзалиевтің жетекшілігінен көрініс тапқан, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі, актер бөлімі студенттерінің «Сәби болғым келеді» қойылымынан бастау алды.

Жырсүйер қауымның назарына ұсынылған бір топ өлеңдері оқылған соң, ақынның сөзіне жазылған әндерге кезек берілді. «Ана, сен бақыттысың» Мағжан Маралбек, «Сарыжайлау» Сәуле Жуатбекова, «Қайран жеңге» Нұрбол Дүйсенқұлдың орындауында әуелете шырқалды.

Өлеңінен өмірдің жұпары аңқыған Мұқағали ақынды еске алу кеші Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешімен жалғасын тапты.

Кеш Мұқағалидің сөзіне жазылған әсем ән мен ақынның өз дауысындағы өлеңімен ашылып, көрерменге жол тартты. Өз кезегінде «Болашақ» мектеп-интернатының зағип оқушылары ақынның сөзіне жазылған «Көнеміз ғой» әнін орындап, көрермендердің көңілін толқытты.

Кітапхана қызметкерлері бозбала ақынның бозала таңнан кешірген сыры мен жырына сапар шегіп, бір сәтте сонау 80-ші жылдың бойжеткеніне айналып, ақынның махаббат пен сезімге толы, шынайы жырларынан шашу шашты. Ал тұрақты оқырмандар Махмұд Пірманов сезім мен суретке толы махаббат тақырыбындағы ақынның «Ұнатамын» әнін шырқаса, Әнуарбек Өтеулов «Қариялар азайып бара жатыр» әнімен көрермен көңілінен шықты.

Шара соңында «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, Тұрымбек Айсұлудың орындауында ақын сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнімен кеш аяқталды.

Ақынның құрметіне арналған іс-шара №5 қалалық кітапханада да «Өмірі жалғасады мұңымен» атты әдеби кешке ұласты.
Артына айрықша із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өлең атты өшпес мұрасы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырайды. Жыр додасында шашасына шаң жұқтырмаған талантты ақын туралы түрлі бейнероликтер көрсетіліп, өмірбаянына тоқталып, өлеңдері оқылды.

Кеш барысында Қозыбай Мейірхан «Қазақ жері», Тұрсынбай Бақытжан «Туған жерге», Түйтебай Ерасыл «Үш бақытым», Саят Әлихан «Шеше» атты ақынның сөзіне жазылған әндерді тамылжыта орындады. Сондай-ақ ақынның өз дауысымен оқылған бейнебаянға жазылған өлеңдерге де кезек берілді.

– Қазақ халқының әдебиет әлеміндегі дара тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың шығармасы ешқашан ұмытылмайды. Халық игілігіне қалдырылған шоқтығы биік туындыларға әр адамның жүрегінде сүйіспеншілік сезімі оянады. Мақатаевтың өлеңдері арқылы әсемдік пен әдеміліктің көркі ашыла түсетіндей. Мұқағали атамыздың жүрегіндегі поэзия бәріміздің кеудемізден орын алғаны анық, – деді №5 қалалық кітапхананың меңгерушісі Жанар Қалжанова.
Ақынға арналған кеш соңы «Халық поэзиясының алыбы» тақырыбындағы кітап көрмесіне ұласты.

Жырлар жазам, алайда ол кімге керек?
Жанға шипа іздеймін, тілге дерек, – деп жанға шипа, тілге дерек іздеп өткен ақынның поэзиясы қашанда биік.

Құралай Сейсенбекқызы Мұқағали — мәңгілік жыр

[Мәтін]. Қ.Сейсенбекқызы //Jambyl Taraz.- 2021. — 10 ақпан. — №6. — 5б.