Кәпұлы Д. Терісбұрау

Дәулеткерей Кәпұлы қазақтың уыз тіліне жөргектен жарыған ақын екеніне айтыс тыңдармандары да, кітап оқырмандары да әу бастан көз жеткізген. Ұлтымыздың қаймақты тілін көшпелі тіршіліктегі бесік әлдиінен бастап, әженің әңгімесінен, әкенің кең тынысты дастандарынан, ананың ақуыз жырларынан бойына сіңірген ақын жырларынан даланың жусан иісі, сабаның күрпілдек піспек дыбысы, шыңдағы қыранның шаңқылы, тау басындағы ұлардың уілі, жорғаның тайпалы — бәрі-бәрі шынайы көрініс тауып отырады. Өлеңдеріндегі тосын теңеулер, оқыс ойлар көзі қарақты оқырманын оқшау сезімдерге жетелері анық.