«ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН ЖАҢҒЫРТУ» АТТЫ ӘДЕБИ КЕШ ӨТТІ

2023 жылдың 14 ақпан күні Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен журналист, балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың 85 жылдығы аясында «Ақынға 100 сұрақ» форматында «Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту» атты әдеби кеш өтті.
Әдеби кешке қонақ ретінде С.Әлімқұловтың ұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Ақпарат саласының үздігі» Жамбыл радиосының жетекшісі. Сықақшы. Бірнеше сатиралық кітаптардың авторы Бақытжан Советұлы Әлімқұлов шақыртылды.
Кеш халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өсиеті мол жырларын оқуға насихаттау, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, кітап оқуға құлшынысын арттыру мақсатында өтті.
Бақытжан Советұлы әкесі Совет Әлімқұлов туралы баяндап, балалық шағының қызықты тұстарымен бөлісіп, әр адамның алдынан шығатын қиындық пен кедергілерге төзе білу керек екенін әңгімеледі.
Іс-шараның шымылдығын М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері ақынның өлеңдерінен құралған шағын композициямен ашты.
Ал, «Болашақ» мектеп – интернатында арнайы кітапхананың «Инклюзия және театр» жобасына қатысушы оқушылар қаламгердің шығармашылығы жайлы көркем сөзден өрнек өріп, сахналық қойылым көрсетіп, ақынның өлеңдері мен тақпақтарын мәнеріне келтіре көркем орындап, ақын ағаларын қуантты.
Сонымен қатар, арнайы кітапхана қаламгердің «Көзмоншақ» атты кітабын бедерлі нүктелі қаріпте және дыбыстандырылған кітап ретінде басып шығарып, кеште тұсау кесер рәсімінде өткізіп, 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай кеш қонақтарына Брайль жүйесі бойынша әзірленген кітапты және дыбыстандырылған кітаптарды сыйға берді.
Балалардың, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өсиеті мол жырларын оқып, насихаттау бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Асылында қаламгер тек өлең жазумен шектелген емес, ол кісі тіпті жұмбақ жазып өз кітаптарына енгізген. Оның жұмбақтары кеш барысында жасырынып, ойын ретінде ойнатылды.
Кездесу соңында Бақытжан Советұлы балаларға өзінің қолтаңбасы жазылған кітаптарын сыйлады және балалардың болашағына сенім білдіре келе, батасын беріп, естелікке суретке түсті.