Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы ұйымдастыруымен «Кітапхана жүйесіндегі цифрлық трансформация: Қазақстан кітапханаларының Smart технологиясы» атты семинар-тренинг өтуде.
19-20 ақпан күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы ұйымдастыруымен «Кітапхана жүйесіндегі цифрлық трансформация: Қазақстан кітапханаларының Smart технологиясы» атты семинар-тренинг өтуде. Аталған іс-шараға Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкерлері онлайн форматта қатысуда.
Семинар-тренинг екі күнге жоспарланған. Бүгін оның алғашқы күні өтті.
Бірінші күні Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы модераторлық етті. Академиялық кітапхана директорының Ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы жасанды интеллектінің (ЖИ) жаңа құралдары мен бағдарламаларын кітапхана саласында тиімді қолдану жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, WEB-RABIS бағдарламасы, ISBN, ISSN, ISMN жүйелері арқылы кітаптарды сауда желілерінде және кітапханаларда автоматты түрде іздеу, есепке алу және идентификациялау тетіктері, электрондық құжаттарды тіркеу мен сақтау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу өтті.
Семинар аясында Ұлттық кітапхананың Ғылыми-әдістемелік қызметінің кітапханашысы Жұмахан Нұрлыхан «Құлтемірді құлша жұмсап үйренейік» тақырыбында ChatGPT мүмкіндіктері, жасанды интеллект қауіпсіздігі, сондай-ақ Custom GPT (GPT-терді) баптау және ЖИ-ді оқыту жолдарымен таныстырды. Қатысушыларға онлайн кеңістікте ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтап, сақтық шараларын ұстану қажеттігі атап өтілді.
Ертең семинар-тренингтің екінші күні жалғасады.

