Арнайы кітапхана ұжымы халықаралық онлайн-конференцияға қатысты.
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұжымы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың 55 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «55 жылдық қызмет: мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта құру, олардың ақпаратқа толық әрі жедел қолжетімділігін қамтамасыз ету» атты халықаралық онлайн-конференцияға қатысты.
Аталған конференцияға шетелдік әріптестер тарапынан құттықтаулар мен тәжірибе алмасу болды. Атап айтқанда, Зағиптарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасы, Новосибирск облыстық зағип және нашар көретіндерге арналған арнайы кітапхана және Зағип және нашар көретіндерге арналған Қазан облыстық кітапханасы қызметкерлері жүрекжарды құттықтауларын жеткізді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы облыстық арнайы кітапханалар қатысып, мерейтой иелеріне ізгі тілектерімен бірқатар өңірлік кітапханалар өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Қарағанды облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы, Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы және Ақтөбе облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы өз тәжірибелерін ортаға салды.
Халықаралық онлайн-конференция барысында кітапхана ісіндегі заманауи үрдістер, инклюзивті орта қалыптастыру және зағип әрі нашар көретін азаматтарға сапалы ақпараттық қызмет көрсету мәселелері кеңінен талқыланды.

