«Ауғанстан соғыс ардагерлеріне тағзым» атты ауған ардагерлерімен кездесу кеші өтті

       Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы оқырмандарға ауған соғысына қатысқан ағалардың ерлігін дәріптеу, өз елін, жерін қастерлеу, туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында «Ауғанстан соғыс ардагерлеріне тағзым» атты ауған ардагерлерімен кездесу кешін өткізді.
       №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатында ұйымдастырылған іс-шараға Жамбыл облысының интернационалист-жауынгерлер одағы ҚБ төрағасы Ізбасаров Керім Мақанбетұлы мен орынбасары Төртбаев Марат Асылбекұлы қатысты.
       Іс-шара барысында кітапханашы ауған соғысы – КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс екенін түсіндірді.
       Өз кезегінде сөз алған ардагерлер қиындығы мен қасіреті мол ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларын қалай орындағандары, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерліктері туралы, олардың әрқайсы интернационалдық борыштарын қаншалықты адал орындап шыққаны жайлы мағлұматтар берді. Сондай-ақ, ауған соғысында қолданылған қару-жарақтармен қатар, сарбаздардың әскери киімдерін көрсетіп, оқушыларға қолмен ұстап сезінулеріне мүмкіндік берді.
        Сонымен қатар, кездесу кеші «Батырға 100 сұрақ» айдарымен жалғасты. Мұнда ардагерлер оқушылардың толғандырып жүрген сұрақтарына жауап беріп, қайталанбас тұшымды сұрақ қойған қатысушыларға сыйлықтар табыстады. Ал, Еламан Салауат пен Байболов Асхат патриоттық әндерді орындап, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
        Іс-шара соңында кітапханашы өмір жылжып жатады, ерлік өлмейді, заманымыз жалғаса беретінін жеткізіп, ардагерлерге алғысын білдірді.