КІТАПХАНА ҰЖЫМЫ ПОЭТИКАЛЫҚ МАРАФОНЫН ӨТКІЗДІ.

№2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Алаштың ардақты ақыны, найзағайдай жарқ еткен қысқа өмірінде артында мол мұра қалдырған Сұлтанмахмұттың шығармаларын дәріптеу мақсатында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылға толуына орай «Алаштың ақиығы» атты поэзия марафоны өтті.

Поэзия марафоны барысында №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты оқушыларына ақынның өмірі мен шығармалары жайлы мол түсінік беріліп, ақын жазған поэмаларымен алғашқы өлеңдерінің ерекшеліктеріне тоқталып, жазушының жыр жауһарлары турасында белсенді оқушылар «Туған еліме», «Сымбатты сұлуға», «Бір баланың тілек батасы», «Жұмақ», «Көңілім неге жасисың», «Көңілді көндіретін тағдыр», «Шығамын тірі болсам адам болып» т.б. өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар Еламан Салауат пен Сағындық Айсана «Қамар сұлу» романынан үзінді көрсетті.

Марафон соңында «Ақын есімі ел есінде» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, оқушылар ақынның кітаптарымен етене танысып, өзара пікір алмасты.