«TIFLO-АСХАНА» ЖОБАСЫ ЖАЛҒАСУДА

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Анаға тағзым» орталығындағы «Береке» аспаздық студиясында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік ортаға тарту, ас үйде жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға, түрлі тағам түрлерін жасап, үйретуге бағытталған «Тiflo-Асхана» жобасын өткізді.
Кезекті шығарылымға «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшесі, арнайы кітапхананың тұрақты оқырманы, мәнерлеп оқудан аудандық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының оқушысы Сағындық Айсана Бақытжанқызы қатысып, дәруменге бай «Қияр» салатын әзірледі.
Салат әзірлеу барысында көзі әлсіз көретін жандарға мотивациялық кеңес беріп, байқауларда жеткен жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Вокал» мамандығын таңдап, болашақта үлкен сахнада өнер көрсетіп, әнші болуды армандайтынын жеткізді.
Іс-шара соңында кітапханашы жобаға қатысушыға арнайы сыйлығын табыстап, деніне саулық, алдағы ісіне сәттілік тіледі.