«ЗАҢҒАР ЖОЛДЫҢ ЖАЗУШЫСЫ» ӘДЕБИ КЕШ

🔷️Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын асық», «Тарлан» сыйлығының лауреаты Мұрат Әуезовтың туғанына 80 жас толуына орай, жазушы өмірі мен шығармашылық жолын, түрлі философиялық ой-пікірлері мен тұжырымдамаларын насихаттау мақсатында «Заңғар жолдың жазушысы» әдеби кеш өткізді.

🔷️Әдеби кеш №2 арнайы «Болашақ» мектеп интернатының оқушыларымен ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР-ның Журналистер Одағының мүшесі, «Педагог тәлімі» журналының редакторы Есмаханова Гулнара Жанкеновна, «Ақ жол» газетінің тілшісі, журналист, ақын, айтыскер Есет Досалы қатысып, Мұрат Мұхтарұлы туралы деректер мен өмірбаяны жайында сыр шертті. Сондай-ақ, оқырмандарға жазушының еңбек жолын, шығармашылығын баяндайтын «Мұрат Әуезов дәуірдің дара тұлғасы» атты бейнеролигі ұсынылды. Сонымен қатар, мың бұралған қыздардан құралған «Шабыт би ансамблі» қазақтың ұлттық биін тарту етсе, «Болашақ» мектеп-интернатының оқушысы Байболов Асхат «Туған жер» әнін орындап көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал, Ерсұлтан Қабылбекұлы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың сүйікті ұлына деген өлшеусіз махаббатын хат арқылы жеткізген көрінісі шеберлікпен сахналады.

🔷️Кеш соңында қонақтар белсене қатысқан оқушыларды «Алғыс хатпен» марапаттап, озық білім мен толағай табыстар тіледі.