ЗАҒИП ОҚУШЫЛАР ГИПСТЕН МҮСІН ЖАСАУДЫ ҮЙРЕНДІ

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Халықаралық «Ақ таяқ» апталығы аясында «Жандүние үйлесімі » атты тақырыпта №2 «Болашақ» аранайы мектеп-интернаты оқушыларына Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық қолөнер шеберлерінің мүшесі, мүсінші, Облыстық оңалту орталығының маманы Аманқосов Қазым Бисенұлы көру мүмкіндігінен айрылған балаларға өзінің қолөнер бұйымдарынан, оның ішінде ағаштан, гипстан, темір бұйымдарынан көрме жасады. Көрмеге ата-бабамыздың көрген азабынан кейін, аңсаған арман орындалған күннің, ел іргесін қалағандағы егемендігінің символы бейнеленген өнер туындысы қойылды. Оқушыларға Ортекенің шығу тарихымен, жасалу технологиясы түсіндіріліп, автор Ерке сылқым күйімен Ортекені күй ырғағымен билетті. Сондай-ақ, гипстан тағылымды тарихы бар балбал тастардың және Қазақ халқының бір туар жазушысы Шерхан Мұртазаның мүсінін балалармен бірге жасап шеберлік сағатын өткізді. Өз қолдарымен жасаған мүсіндерді мектеп директоры Жақсылықова Эльмира Сауқымбекқызына мектеп музейіне қоюға тапсырды.
Сонымен қатар, кітапхана қызметкері «Қазақтың ұлттық қолөнері» тақырыбында «Қазақ өнері» энциклопедиясы, Өмірзақ Шанов «Ұлы дала жаңғырығы», Бахаргүл Төлеген «Ұлт жаухарлары» атты және сол сияқты өнер жанашырларының кітаптарына библиографиялық шолу жасады.
Шара барысында балалардың қолөнерге деген сүйіспеншілігі, қызығушылығы артты. Қолөнершіге мектеп-интернат директорының және кітапхана басшысының атынан Алғыс хаттар тапсырылды.
Қолөнер бұйымдарын жасау мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, оның ішінде зағип жандардың денсаулығына, психолгиялық дамуына, қол моторикасының жетілуіне үлесі зор. Бұл жаңа қолөнер жобасы зағип жандардың ой өрісінің дамуына жаңа серпін береді деп дәлелденген. Апта бойына жалғасатын әр түрлі бағыттағы қолөнер жұмыстарымен, ұлттық құндылықпен танысу, оны өз қолдарымен жасау көз мүгедектігі бар адамдарың қоғамда өздеріне деген сенімділігін арттырып, өз бетінше жұмыс жасауға мүмкіндік берді.