МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНДАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңіріміздегі мәдениет пен өнер саласының бірқатар мәдениет майталмандарын марапаттады. Өңір басшысы алдымен мәдениет қызметкерлерін өткен кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Қай кезде де қоғамда мәдениеттің, мәдениет пен өнерге еңбегі сіңген азаматтардың орныы бөлек. Бабаларымыз қалдырған ән-жырлар, өнер туындылары жалғасып осы күнге жетті. сол мұраны сіздер лайықты жалғастырып келесіздер. Еліміздің Тәуелсіздігінің негізі — ұлттық құндылықтарға деген құрметте жатыр. Оны дамытатын болсақ, еліміздің болашағы мәңгілік болады. Елбасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдауы бекер емес. ұлт көшбасшысы айтқандай, экономикмыз 10 жылға кешіксе оны бірнеше жылда қалпына келтіруге болады. Ал руханияттан 10 жылға кешіксек, оны түзеу үшін бірнеше ондаған жылдар қажет болады. Елбасының қолдауымен, Президентіміздің қадағалауымен елімізде бірнеше сәулетті мәдениет нысандары салынуда.  Түркітан қаласында салынған кейбір мәдени нысандар әлемде жоқ ғимараттар. Түркістан жалғыз болмауы тиіс. Ондай көрікті мәдени нысындар Тараз қаласында да салынуы қажет. Тараздың тарихы — ежелгі тарих. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне — 30 жыл, Жамбыл Жабаевтың туғанына 175, Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толады. Басқа да айтулы күндер бар. Оның барлығы мәдениет пен өнер өкілдерінің белсене араласуымен жүзеге асады. Ендеше, алда бірігіп атқарар істеріміз көп — деді Бердібек Мәшбекүлы.

Жиында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің музыкалық жетекшісі Сәрсенбек Бәкір, ақын, Әл-Фараби атындағы Байзақ аудандық мәдениет үйінің әдіскері Қасқырбай Нарбатыр, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері Ерсін Қалыбаева және Мәмбет Қожалиев, облыстық орыс драма театрының әртісі Елена Козаченко, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Торғын Орынбаева мен Балнұр Солтанбековаға облыс әкімі Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Бердібек Машбекүлы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Әріпбай Мұсапановқа, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері Галина Қойшыбаева мен Несіпкүл Омарбековаға табыс етті. Ал облыс әкімінің Құрмет грамотасы жәңе қаржылай сыйақыға әнші, Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов, Мәдениет саласының үздігі Бекназар Ізбасаров, Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынаркүл Жұмабекова, Меркі ауданындағы «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің дыбыс режиссері Ахмед Ильязов ие болды. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері Әбиірбек Тінәлі мен Жадыра Құлтаева, әнші Әсел Уашева, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Гүлнұр Алтынбекова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс, Жамбыл ауданының мемлекеттік архивінің архивисі Айнүр Төретаеваға облыс әкімінің Алғыс хаты және ақшалай сыйлық тапсырылды.

Жиында Әбиірбек Тінәлі сөз алып, биылғы күзде қазақтан шыққан алғашқы кәсіби режиссер Асқар Тоқпановтың шәкірттері облыстық қазақ драма театрында бас қосатынын айтып, облыстық қазақ драма театры Мысыр, Тәжікстан, Татарстанда өткен халықаралық байқауларда жүлде алып жүргеніне тоқталып, мәдениетті ерекше қолдағаны үшін өңір басшысына алғысын білдірді. Ал кітапхана саласының маманы Гүлнүр Алтынбекова өз сөзінде жақында өткен республикалық «Рухани қазына» фестивалінде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Жамбыл Жабаев атындағы жүлдені иеленсе, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашысы Ербол Бегімов жүлдемен оралғанын айта келіп, облыс әкімін аталған кітапханаға келуге шақырды.

Іс-шараны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап, айтылған тілек ұсыныстардың барлығын қолдайтынын, мәдениет саласын дамыту басты назарында болатынын, ол жөнінде жарқын жобалар мен бастамалар бар екенін айтып, сала қызметкерлеріне еңбекте табыс тіледі.

Есет Досалы Мәдениет майталмандарының еңбегі еленді

[Текст] Е. Досалы — Ақ жол — 2021 27 май. — №62 -63 — 2 стр.