Мұхтар Әуезов «Таңдамалы шығармалар жинағы»

 

М.О. Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай оқырмандарға ұсынылып отырған бес томдық таңдамалы шығармалары қазіргі уақыттың рухани қажеттілігіне сай көркемдік эстетикалық талғам тұрғысынан таңдалып алынды. Ұрпақ ауысқан сайын өмірмен өзектес сананың да өзгеріп отыратынын ескерсек, көрнекті суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармаларына деген жаңа толқынның да өз көзқарасы, көркемдік сұранысы бар. Бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпақтарын кешегі кеңестік кезеңдегі саяси қоғамдық талапқа сай жазылған социалистік реализм бағытындағы арнайы тапсырыстармен жазылған, рухани тосқауыл, бақылау, шектеу қойылып отырған тақырыптағы шығармалары қызықтыра қоймасы анық. Жалпы адамзатқа ортақ өмір мен өлім арасындағы мәңгілік сауалдар, қай ғасыр, қай кезеңнің де адамдарын өзінше толғандырып отырған мазмұн-мәнін жоғалтпайтын мәңгілік мұра болып табылатын М. Әуезовтің классикалық көркем мәтіндері әр кезеңге лайықталып жарияланып отырылуы міндет екені де күмәнсіз.
ХХІ ғасыр – инновация заманы, заман көшінен қалмау үшін жаңа технологияларды жан-жақты меңгере отырып, М. Әуезовтің көркемдік құндылығы жоғары, әлемдік әдеби үрдіске енетін, туындыға қойылар шарт пен талапқа толығымен жауап беретін ең таңдаулы классикалық көркем шығармаларын жаңа заман талабына сай әлемдік әдеби кеңестікте кеңінен таратып, насихаттау, таныстыру да өзекті мәселе. Қазақ прозасы мен драматургиясын әлемдік биікке көтерген ұлы суреткердің мол мұрасы жиі жарияланып, оқырманға қолжетімді болғанда ғана ұлттық рухани құндылықтарды жаңаша танытудың бірден-бір жолы, көрсеткіші, негізгі бағыты болары сөзсіз.