КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛДЫ

Ақтөбе қаласында өткен «Саусақ ұшындағы инклюзия» республикалық байқауынан Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұжымы және оқырмандары жүлдемен оралған жеңімпаздарды облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай жеке қабылдап, алғыс хат табыс етті.
«Бұл жерде әрбіріңіздің еңбектеріңіз бен ұмтылыстарыңыздан бөлек, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйытқы болғандығын атап өткен жөн. Сондықтан, Жанна Тұрарқызы бастаған ұжымға алғыс білдіре отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Әрдайым дәл осындай додаларда оза шабатын қызметкерлеріңіздің де, оқырмандарыңыздың да қатары арта берсін», — деді Ерлан Нұрманұлы.
Сондай-ақ, Қарағандыда көру қабілеті бұзылған пайдаланушылар арасында өткен «Менің сүйікті кітабым» республикалық байқауының жеңімпазы Мария Владимировна қабілеттерін көрсетіп, жетістіктің дәмін сезінуге бағыт-бағдар берген кітапхана қызметкерлеріне, елеп-ескерген басқарма басшысына алғысын жеткізді.