ҚАРТЫ БАРДЫҢ — ҚАЗЫНАСЫ БАР

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, 15 қазан – «Ақ таяқ» күніне орай «Қарты бардың-қазынасы бар» тақырыбында ашық есік күнін өткізді. Іс-шара көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеуге, бейнелеу өнері мұражайының көрмелерін, тұрақты экспозицияларын және тарихи жәдігерлерін қолымен ұстап, сезінулеріне, ой-өрістерін дамытуға бағытталды. Осы орайда экскурсияға қатысқан «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшелері мен «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары халқымыздың тарихын, рухани мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттайтын мұражай құндылықтары мен тарихи жәдігерлердің түрлерімен танысып, қолмен ұстап, сезіне білді. Шара соңында оқырмандар музей қызметкерлері мен кітапханашыларға алғыстарын айтып, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.