ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘҢІР БЕРГЕН СЫЙ

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Рухани жаңғыру» жобасы аясында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, оқырмандарға еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, өз елінің тарихын сыйлауға үйрету, желтоқсан құрбандары мен желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апалардың ерлігін үлгі етіп көрсету, туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін, сезімдерін ояту, елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге тәрбиелеу мақсатында «Тәуелсіздік – тәңір берген сый» тақырыбында әдеби арт өткізді.
Іс-шараға «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары, кітапханашылары мен мұғалімдері қатысты.
Кеш барысында кітапханашы оқырмандарды ҚР-ның Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, барша қатысушылармен бірге ҚР-ның Мемлекеттік Әнұраны «Менің Қазақстаным» әнін орындады. «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары Р.Машиков, Х. Османов, М.Қуанышбай, Е. Садаев ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ұлы тарихтың бір елесі саналатын 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған өлең-шумақтарын оқыса, Салауат Еламан «Көк тудың желбірегені», Жұматаев Алмат «Туған жерім тамаша!» әндерін орындап, көрермендер қошеметіне бөленді. Ал, мың бұралған «Шабыт» би ансамблінің қыздары қазақтың ұлттық биін билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болудың қиындығын тарих беттерінен парақтап көрсететін «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл!» атты бейнеролик көрсетіліп, кітап сүйер қауымға «Саусағымның ұшымен терең терген қазынам» атты тактильді кітап көрмесіне шолу жасалды.
Кеш соңы іс-шараға қатысушылардың халық композиторы Е.Хасанғалиевтың әніне, ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Атамекен» әнін шырқауымен аяқталды.