«ТИФЛО-МУЗЕЙ» ЕНДІ САРЫСУ АУДАНЫНДА

Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Тифло-музей» жобасы аясында Сарысу аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін» атты зағип азаматтарға арналған экспозициялық бұрыш ашылды. Экспозиция ауданның археологиялық қазбалары арқылы табылған тарихи жәдігерлерден жасақталды. Мүмкіндігі шектеулі зағип азаматтар заманауи үлгідегі QR–код қойылған тарихи жәдігерлерді смартфонға кодын енгізу арқылы қолмен сипап, құлақпен есту арқылы танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, музей экспозициясына еркін қол жеткізуге жағдай жасалып, 15 тен астам QR кодтар қойылған жәдігерлер таныстырылды.
Сондай-ақ, аталған көрмеге Байқадам ауылдық округ әкімі аппаратының бөлімше басшысы Жақсыбаев Өмірсерік Әбітайұлы мен Төкен Мақашев атындағы Сарысу аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Кокушева Эльмира тифлоэкспозицияны салтанатты түрде ашты. Ал, аудандық зағип оқырмандар мен музей қонақтары алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.