АСАНӘЛІ ӘШІМҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА «БОЛАШАҚ» МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫНА ЭКСКУРСИЯ ЖАСАЛДЫ

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы оқушыларға ҚР Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, дарабоз актер және режиссер Асанәлі Әшімұлының өнерін кеңінен насихаттау арқылы, өнер сүйетін келешек ұрпаққа тәлім тәрбие беру мақсатында «Тифло-музей» жобасы аясында, Асанәлі Әшімұлының шығармашылық орталығында «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына экскурсия жасалды.
Экскурсия барысында Асанәлі Әшімұлы жайлы баспа бетінде жарық көрген мақалалар мен фотосуреттер, баспа бетінде басылған газет – журналдар, афишалар, қойын дәптерлері мен қаламынан туған көп кітаптар топтамасы, жеке кітаптары, кинотаспалар, витринаға қойылған дискілер көрсетіліп, жеке қорынан алынған жанұялық түрлі – түсті фотосуреттері, қабырғаға ілінген фотопортреттері насихатталды.
Экскурсия соңында Асанәлі ағамыздың спектакльдерде ойнаған басты кейіпкерлерінің киімдері, сыйға тарту етілген кескіндемелері, портреттері мен сыйлықтары (сувeнирлер) және де жеке қолданыста болған заттары, құжаттары таныстырылды. Сондай-ақ, А. Әшімұлының қатысуымен басты рөлді сомдаған «Қыз Жібек» фильмі көрсетіліп, өзі сомдаған «Көктөбедегі кездесу» спектаклінің шағын макеті қойылған арнайы бұрышына оқушылар естелік суретке түсті.