ЗАҒИП БАЛАЛАРҒА ФИЛЬМ КӨРСЕТІЛДІ

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі зағип жандарды қоғамдық ортаға бейімдеу, өзін-өзі дамытуы мен кітап оқуға баулу және зағип оқырмандарға арналған тифлопікірі бар фильмдерге қолжетімділікті арттыру мақсатында «Шексіз кино әлемі» атты зағип жандарға арналған кино көрсетілім жұмысын тұрақты түрде жүргізуде.

Кезекті көрсетілім соқыр және нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп – интернатында өткізілді. Мұнда жиналған зағип балалардың алдында аталған мектепинтернаттың директоры Гүлзира Тойшыманова сөз сөйлеп, көңілдері жарым балаларға осындай сый ұсынған облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкерлеріне алғысын білдірді. Мұнансоң кітапхана өкілдерін бастап келген топ жетекшісі Жұлдыз Қаратаева сөз алып, балаларға мұндай қамқорлық алдағы уақытта да жасала беретінін айтты. Анимациялық тифлопікірі бар фильмді интернат оқушылары қызығушылықпен тамашалап, соңында өз пікірлерін айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Көрсетілім соңында кітап қорынан балаларға  арналған жайпақ баспалы, брайль қаріпіндегі және тактильді, дыбыстандырылған кітаптарға библиографиялық шолужасалып, оқуға ұсынылды. Мұндай сәттердің мектеп қабырғасындағы балаларға ерекше әсер ететіні анық.

Есет Досалы Зағип балаларға фильм көрсетілді

[Мәтін] Е.Досалы – Ақ жол – 2021. 30 қазан. – №126 – 8 б.