ОҚЫРМАНДАР ЧЕМПИОННЫҢ СЫРЫНА ҚАНЫҚТЫ

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен жүзуден Рио Паралимпиадасының чемпионы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллинамен «Өмірге құштар жандар» атты онлайн кездесу өтті. Ісшара барысында аталған кітапхана қызметкері Жұлдыз Қаратаева чемпионмен онлайн байланысқа шығып, өзінің сұрақтарын қойып отырды. Жүздесуді оқырмандар және аталған кітапхана қызметкерлері онлайн көріп, жақсы әсерге бөленді.

Іс-шарада Зүлфия Ғабидуллина спорттағы шыңдалу жолдарын, балалық шағында гипербелсенді қыз болғандығын, жеткен жетістігінің оңайшылықпен келмегендігін, жол апатынан кейін спортпен айналысқанын, жеңістерге қайсарлық және табандылықпен жеткенін айтып берді. Спортшы осы салада жүргеніне 25 жыл болғанын, отбасылық жағдайы жайлы, түрлі спортпен шұғылданғанын, бос уақытында үнемі мотивациялық
және психологиялық аудио кітаптарды тыңдайтынын тіліне тиек етіп, жүзуден Мексикада өткен әлем чемпионатының чемпионы болар алдындағы қызықты да, қорқынышты күйге бөленген сәттерінен сыр шертті. Кездесу соңында аталған кітапхана әдіскері Гүлнұр Қырғызбай басқосудан оқырмандар жақсы бір серпіліс пен өмірге құштарлық алғанын, мұндай іс-шараның мәні зор екенін айтып, спортшыға алдағы Паралимпиялық ойыннан тек жеңіспен оралуына тілектестік білдірді.

Есет Досалы Оқырмандар чемпионның сырына қанықты

[Мәтін] Е.Досалы – Ақ жол – 2021. 21 тамыз. – №101 – 7 б.