ЗАҒИП ЖӘНЕ НАШАР КӨРЕТІН АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНА ЖҰМЫСЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Әлем жаңару, жаңғыру үрдістерін бастан кешіріп отыр. Заманауи өзгерістер қамтыған қызметтің бір түрі – кітапхана ісі бүгінгі күндегі әмбебап мамандықтардың біріне айналып отыр. Тек қана оқырмандардың кітапханаға деген сұранысын қанағаттандырумен шектелмейтін кітапхана қызметінде оқырманды тарту мақсатында көптеген іс-шаралар, ғылыми конференция, байқаулар және т.б. жұмыстарды да жүргізіліп жатады. Тіпті кітапхана қоғамның ақпараттық орталығына айналып отыр. Осы орайда, кітапханашысының имиджі дегеніміз не? Оны қалай қалыптастыруға болады? – деген маңызды сұрақтар әрбір кітапхана қызметкерлерін күнделікті толғандырып жүреді. Әсіресе тағдырдан қағажу көрген, бір тамшы сәулеге мұқтаж жандарға қызмет көрсетіп жүрген Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының жұмысы күн арта күрделеніп жатыр. Дегенмен, соңғы жылдардағы арнайы кітапхананың жаңа жоба, жаңа көз-қарас пен тың идеяларды қолдану барысындағы жұмыстары облыстық оқырмандардың соның ішінде зағип азаматтар мен балалардың көңілінен шығып, оң септігін тигізуде.

Бүгінгі таңда әрбір адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі білімді ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса біздің барлық іс әрекетіміз осы бағытта болуы керек. Оқу залы қазіргі заман талабына сай жабдықталған Заман ағымына ілесе отырып, кітапхана заманауи оқырмандардың қалауы мен талабын орындауда. Біздің кітапхананың мақсаты – кітапханаға оқырман тарту, кітап сөрелеріндегі кітаптарды оқырман қолына жеткізу. Ал, іс-шараларды ұйымдастыруда кітапханашының атқаратын қызметі ұлан-ғайыр. Өткізілетін шараларды науқанға айналдырмай, оны мұқият зерттеп, зерделеп, жаңа серпін бере отырып өткізу кітапханашыдан асқан шеберлік пен көп ізденісті талап етеді. Соңғы уақытта кітап оқушылардың санының азайып кетуіне тікелей кітапханашы да жауапты. Жауыр болған кітаптар көрмесінен басқа, кітапты насихаттайтын, оқырмандарды тартатын, ынталандыратын шаралардың тым аз өтетіндігі жасырын емес. Осы олқылықтарды жою үшін әлеуметтік желі парақшаларында кітаптарды насихаттаудың жаңа әдісі қолданысқа енгізілді. Шағын бейне роликтер әзірленіп, жүктелуде. Бұл оқырман мен кітапханашы қызметін едәуір жақындастырып отыр. Сондай-ақ, аудио кітаптар шығарылып оларға арнайы QR код қойылуда.

Мұндай іс-шаралар кітапхана қызметін жандандырып қана қоймай, оның имиджін қалыптастыруға да негіз болады. Жалпы кітапханашысының үздіксіз біліктілік арттырып, соңғы жаңалықтармен таныс болуы да сондай маңызды. Бұл бағытта арнайы кітапханада 2020 жылдан бастап тоғыз жоба мен арнайы үйірмелер оқырмандарға жұмыс жасап келеді. Соның бірі «Зағип және компьютер» үйірмесі Жамбыл облысы көзі көрмейтін және әлсіз көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатында аптасына үш рет өтеді. Бұл үйірмеге көзі көрмейтін және әлсіз көретін балалар мен оқырмандар қатысады. Оқытуға қатысамын деушілер саны күн сайын артуда. Себебі, бұл оқытуға кез келген жастағы зағип жандар қатыса алады, әрі тегін.
Үйрену барысы қарапайым пернетақтамен танысудан басталады. Себебі, тінтуірден көзі көретіндер ғана пайдалана алатыны белгілі. Ал зағип жандар, пернетақта немесе дыбысты нұсқаулықты қолданады. Әрі қарай, компьтерді қалай қосып, сөндіру, негізгі бөліктерімен танысу, операциялық жүйелерді орындау, оффистік пакеттен пайдалану, жазу, сызу, жаңа папка ашу, өшіру, қайта қалпына келтіру секілді қарапайым іс-әрекеттер орындала береді. Егер қалаушылар болса оқыту әдістемесін одан әрі жетілдіріп, кез келген зағип жанға ақпараттық технологиялардың қыр-сырын үйретуге мамандар сақадай сай. Көзі көрмейтін және әлсіз көретін балаларға арналған және нашар көретін балаларға арналған келесі «Брайлист» үйірмесі жұмыс жасауда. Бұл үйірмеде Брайль қаріпін үйретіп, еркін кітап оқуға мүмкіндік ашады. Брайль қарпі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жазу жүйесі. Бұл әліпби көзі көрмейтін адамдарға жазу мен оқуға мүмкіндік береді. Мысалы: сүйікті жазушыларын оқып, «Брайль дисплейі» арқылы ғаламторды қолдану. Balbal.kz сайты Брайль қарпінің пайда болу тарихын ұсынады.

Көру қабілеті нашар жандар үшін бұл қаріп тек байланыс құралы ғана емес, тілдік сауатты дамытудың бір жолы болып табылады. Қаріпті тифлопедагогтың көмегімен үйренеді. Символдар мен қаріпті есте сақтаудың жүйелерін біліп, тактильді әріптерді қолданады. Ол паластикалық әріптер түрінде жасалған. Әр әріптің ортасында Брайль қарпі бейнеленеді. Мұндай жинақтың арқасында бала әріптің сұлбасын сезініп, бірден жаттай алады. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында осы үйірмелермен қатар жобалардыңда маңыздылығы өте ауқымды. Мысалы «Балалар жылы» аясында жүзеге асырылған «БАЛАЛАРДАН БАЛАЛАРҒА» жобасында мерей той иелері мен жергілікті ақын – жазушылардың шығармаларын зағип балаларға насихаттау және қазақ әдебиетін сүйіп оқуға баулу мақсатында қала мектептерінің білім алушылары ақын, жазушылардың шығармаларын дыбыстап тарту етуде. Биылғы жылдың барысында Мұхтар Шаханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Төлеген Айбергенов, Ескен Елубаевтың өлеңдері дыбысталды. Сонымен қатар, Қазақстанда көз мүгедектеріне арналған кітаптар шығаратын типографиясы жоқ. Қиындықтарға қарамастан, арнайы кітапхана ұжымы өз күшімен нүктелі-бедерлі және дыбыстандырылған кітаптарды шығарады, осылайша қорды арнайы әдебиеттермен толықтырады.

2020 жылдан бастау алған зағип және көзі әлсіз көретін жандардың өмірін жақсарту мен қатар толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беру мақсатында ұжым қызметкерлері арнайы 9 жобаны әзірлеп, сол жобаның жүзеге асуына күнделікті жұмыс істеп келеді. Нақты айтқанда бүгінгі таңда «Қауіпсіздік сақтайық!», «Шексіз кино әлемі», «Шеберлінің қолы алтын» тифло-тігін жобасы, «Тифло Асхана», «Тифло музей», «Балалардан балаларға» және «Үй жұмысы» жобалары іске қосылды. Ендігі кезекте зағип жандар серуендеу кезінде өз қаламыздың тарихымен терең таңысуға мүмкіндік алып отыр. Ол қалай дейсіздер ғой? Еш қиындығы жоқ тек «Изи травел» жобасымен таныс болсаңыздар болғаны. Аталған жоба кітапхананың іске қосылған тағы бір туындысы болып табылады. Бұл аудиожазбаларда Жамбыл облысының тарихи ескерткіштері туралы мәліметтер қамтылған. Соның ішінде: Айша бибі, Қарахан баба, Тектұрмас кесенелері т.б. Ондағы бар мәліметті аудиоформатта естуге болады. Ал, көру қабілеті нашар азаматтарды кедергісіз әлеуметтік ортаға тарту, аспаздық дағдыларды үйрету арқылы оңалту және бейімдеу, дыбыс бойынша түрлі тұрмыстық аспаптарды анықтау, ас үйде жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға баулу, түрлі тағам түрлерін жасауды үйрету мақсатында облыста алғаш рет «Тiflo-Асхана» жобасы көмекке келеді.

«Шексіз кино әлемі» жобасы мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған тифлопікірі бар фильмдер мен мультфильмдерді көрсету арқылы жүзеге асады. Оқырмандар кино немесе видео сюжеттердегі болып жатқан әрбір іс-қимыл, адамдардың қас-қабағындағы эмоцияларын дыбыстандырылған тифлопікір арқылы біліп, толықтай елестетіп көре алады. Келесі «ТифлоМузей» жобасы арнайы кітапхананың «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейімен» біріккен жобасы болып табылады. Көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеу, облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия жасау барысында бейнелеу өнері мұражайының көрмелерін, тұрақты экспозицияларын және тарихи жәдігерлерін қолымен ұстап, сипап сезіну мен ой-өрісін дамыту, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарды мәдени құндылықтарға, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін таныту, мұражай құндылықтарын сақтау, тарихи жәдігерлердің түрлері мен тарихын таныту, әрбір құнды заттарды қолмен ұстап, сипап сезінуге мүмкіндік алады. «ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАЙЫҚ» ЖОБАСЫ зағип оқырмандар үшін өте қажетті жоба болып табылады. Бұл жобада арнайы мамандардың көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғану және төңіректегілерге жәрдем көрсетуге жаттығады. Алдағы уақытта жаңа екі жоба кітапхана жұмысына енгізілетін болады. Бұл жоба оқырмандар көңілінен шығып, өміршеңболады деп сенім артамыз. Биыл 2023 жылдан бастап тағы бір жоба іске қосылды. «Инклюзив және театр» жобасы. Мақсаты: Жоба ерекше күтімге зәру балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мүмкіндігін арттырып, баланың қосымша дағдыларын арттырады, жеке тұлға ретінде жетілуіне көмектеседі. «Инклюзия және театр» жобасына қатысушылар арасында сыйласымды, өзара құрметке құрылған жағымды орта қалыптасады. Білім алушының мақсатқа жету межесі биіктейді. Өмірге деген құлшынысы өзгеріп, көтеріледі. Өз мүмкіндігіне сенеді, тұлғалық қасиеті айқын байқалады. Шығармашылықпен жұмыс жасау мүмкіндігі ашылады. Бұл жоба «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларымен жүзеге асырылады.

Алшинбаева Ж.Т.