Зағиптер де заманға бейімделе алады

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен арнайы кітапханада «Ерекше жандармен қарым-қатынас» атты практикалық семинар-тренинг өтті. Оның жұмысына зағип жандармен жұмыс істейтін аудандық қызмет көрсету бөлімдерінің мамандары, «Өрлеу» облыс бойынша кәсіби даму институты біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының мүшелері және «Болашақ» мектеп-интернатының ұстаздары мен «Анаға тағзым» орталығының психологы Жанар Кеншинбекова қатысты.

Бүгінде зағип, көзі нашар көретін жандар қатары күн санап өсуіне байланысты оларға психологиялық, моральдік және физикалық қолдау көрсету қоғамдағы ең маңызды мәселенің біріне айналған.
Осы орайда кітапхана ұжымы зағип адамдарды кеңістікте еркін жүруге үйретуді, өз-өзіне деген сенімсіздікті жоюға көмектесуді, басқа адамдарға тәуелді болмай, қозғалыс пен өзіне-өзі қызмет ету қабілетінің шектеліп қалмауын дағдыландыруда қолдау көрсетіп, ақ таяқтың көмегімен айналаны еркін шарлау қабілетін қалыптастыруға қол жеткізуді мақсат етті. Аталған іс-шарада ұйымдастырушылар көру қабілеті бұзылған адамның түрлі заттардың көмегімен түсті ажырату қабілетін қалыптастыру үшін не істеуге болады, нені білулері тиіс деген сұрақтарға жауап берді.
Семинарды кітапхана директоры Жанна Алшынбаева ашып, зағип азаматтарға ерекше күтім мен қарым-қатынас жасау қажеттілігін және оларға қолдау көрсетуде үнемі қызметкерлер өз-өзін дамытып отыруы тиіс екендігін атап көрсетті. Ал басқарманың «Мәдениет және өнер» бөлімінің бас маманы Жадыра Құттыбаева кітапхана ісіне сәттілік тілеп, семинар турасында өз ойымен бөлісті.
– Бүгінгі семинардың мақсаты зағип және көзі нашар көретін жандарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, тиісті кеңестер беріп, қордаланған проблемаларды қоғам болып бірлесе талқылауға негізделген, – деген Жадыра Нұржанқызы сұрақтарға жауап беріп, тәжірибесімен бөлісті.
Арнайы кітапхана қызметкерлері «Соқыр адамдар үшін – кеңістікті бағдарлау ең өткір мәселелердің бірі», «Зағип оқырмандармен қарым-қатынас», «Зағип адамға түсті сипаттау» тақырыптары бойынша баяндама жасап, психологиялық және тәжірибелік тренинг-ойындарын жүргізді.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ