Қараша Қараман “Қарасақал Ерімбет шайыр”

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Алаш жұртына қысылтаяң кезеңде АНА да, пана да болған Сыр бойында айқындалып, кең өріс алған шайыр, ақын мен жыраулардың сардары әрі ұстазы болған, жыр күнбезін аспандата көтерген Базар жырау бастаған қалың дүрмекті доптың ішінде етектен салса төске озған Ерімбет шайырдың шоқтығы биік, құлаш сермесі ерен болатын. Мұндай жоғары бағаға Сыр сүлейінің артына қалдырған мол да әдеби мұрасы бұлтартпас дәлел. Біз өз тарапымыздан хал-қадірімізше шайырдың баға жеткісіз шығармашылық туындысын саралап талдау жасауға, зерделеуге ұмтылып бағатын боламыз. Бұл қарекетіміздің нәтижесі, салмағы мен дәрежесі қаншалықты, тақырыпты қандай деңгейде қамтып, жаза, көрсете білгеніміздің бағасын беретін де Сіздерсіздер, қадірменді оқырман, – дейді автор сөз басында.
Айта кетейік, аталған жинақ “Қозғалса құйып нөсер”, “Араға он жыл салып”, “Дүлділ сөздің дүрі”, “Дерек пен дәйек” деген төрт бөлімнен тұрады. Кітаптың алғашқы тақырыптарында Қарасақал Ерімбеттің өмір жолы, ұрпақтары мен шыққан тегі жайлы сөз қозғалса, екінші бөлімде шайырдың беймәлім қырлары тарқатылады. Үшінші бөлігінде Ерімбеттің ел арасындағы беделі мен оған көрсетілген құрмет, ал қорытындысында кітаптың жарыққа шығуына қолдау білдіргендер, тәуелсіз елде ескерілген шайыр есімі мен пікір-түйін сөздерді оқып шығуға болады.