“Қолыңмен ұстап жүрекпен сезін” атты Тифломузей жобасы Қордай аудандық К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейінде ашылды.

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Кенен Әзірбаев атындағы Қордай аудандық әдеби-мемориалдық музейінде Кенен Әзірбаевтың жеке бөлмесіндегі өзінің тұрмыста қолданған жеке заттары мен киімдерінен тұратын жәдігерлерден зағип азаматтарға арнап тифлобұрыш ашылды.
Арнайы іс-шараға аудан көлеміндегі зағип азаматтар қатысты. QR код 25 жәдігерге қойылды. Қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың өмірімен, өнерімен жете танысты. Кенен атаның өзінің жеке заттарын қолдарымен ұстап танысу мүмкіндігін алған зағип азаматтар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Көру қабілетінен айрылған музей қонақтары енді, құнды жәдігерлермен QR код және Брайль қарпінде жазылған жәдігердің атауы арқылы гидтің көмегінсіз өздерінің смартфонымен өз беттерінше таныса алады.