Абай атындағы колледж ұжымы арнайы кітапханада

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің әкімшілігі Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына арнайы іссапармен келіп, екі мекеме арасында орнаған өзара ынтымақтастық – меморандум аясындағы жұмыстармен танысты. Кездесудің басты мақсаты – инклюзивті білім беру бағытын қолдау, ерекше қажеттілігі бар жандарға мәдени-танымдық қолжетімділік жасау және кітапхананың арнаулы жобаларымен танысу арқылы колледж бен кітапхана арасындағы байланысты одан әрі дамыту болды.
Кездесу барысында колледж әкімшілігі кітапхана ұжымының көз көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар үшін жасап жатқан жүйелі жұмыстарына, оның ішінде арнайы әдебиеттер қорымен, Брайль қарпімен жазылған кітаптармен, дыбыстандырылған әдебиеттермен,тактильді оқу құралдарымен, сондай-ақ зағип жандарға арналған инновациялық технологиялармен танысты. Сонымен қатар,кітапхананың “Тифло музей”, “Инклюзия және театр”сынды әлеуметтік маңызды жобалары ерекше назарға алынды.