АНА ДЕГЕН ТІРШІЛІКТІҢ ТІРЕГІ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Жамбыл облысы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен №2 «Болашақ» арнайы мектеп интернатында “Ана деген тіршіліктің тірегі” атты салттанатты концерт өтті. Бұл концерт кітапхана мен мектеп-интернатының біріккен іс-шарасы болып табылады.
Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні аяулы аналар мен ұстаздар, қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Мерекелік кеште нәзік жанды әйел қауымын үлкен қуанышқа бөледі. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, ұстаз ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Қос мекеменің директорлары нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтады.
Арнайы кітапхананың «Инклюзия және театр» үйірмесінде актерлық шеберлік бойынша білім алып жатқан «Болашақ» арнайы мектеп интернатының балалары театрландырылған көрініс көрсетіп, тамаша өлең-жырларымен көпшілік көңілінен шықты.