АР НАМЫСЫМ, ҚАСІРЕТІМ, МАҚТАНЫШЫМ-ЖЕЛТОҚСАН

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында желтоқсан оқиғасына 35 жыл толуына орай «Ар намысым, қасіретім, мақтанышым-Желтоқсан» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстелдің мақсаты жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізгендігімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын оқырмандарға жете ұғындыру, дүниетанымын кеңейту.
Отанды сүюге, құрметтеуге, желтоқсандықтарға әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір-қасиетін ұғынуға ықпал ету.
Іс-шараға Ж.Жабаев атындағы 5 мектеп гимназиясының тарих пәнінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Дөңгелек үстелді тарих пәнінің мұғалімі С.Баетова «Тәуелсіздік-өткенге тағзым, ертеңге тағылым» атты баяндама жасап, онда қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолындағы күрестерін, терең тарихын, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар арманынан туындағанын слайд арқылы түсіндіріп, мәнін ашты. Ал, 9 «Г», «Д» сынып оқушылары Жақсыбек Асел Қайрат Рысқұлбековтың, Айтуған Нұрай Ербол Сыпатаевтың,Жақсылық Санжар Сәбира Мұхамеджанованың, Кенжебек Жанель Ләззат Асанованың желтоқсан көтерілісіне қатысқандарын, сол оқиғада құрбан болғандарын жеткізіп, Байлашова Айжан Мұхтар Шахановтың «Лаула, лаула Желтоқсанның мұзға жаққан алауы» өлеңін оқыды.
Іс-шараның соңын барлық дөңгелек үстелге қатысушылар Әбдірахман Асылбековтың сөзіне жазылған «Желтоқсан желі» әнімен аяқтады.