ХАЛЫҚАРАЛЫҚ “АҚ ТАЯҚ”КҮНІНЕ ОРАЙ КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН ОҚЫРМАНДАРЫ “JAMBYL” ТЕЛЕАРНАСЫНДА

«Ақ таяқ күні» мен Халықаралық зағиптар күніне орай Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкерлері 15 қазан мен 13 қараша аралығында «Зағиптарға қамқорлық» айлығын өткізуде.
Айлықтың мақсаты – кейде ұзақ уақыт бойы елеусіз қалатын, жанымызда тұратын, айналамыздағы дүниенің барлық бояуын көре бермейтін жандарға қала тұрғындарын мейірімді болуға шақыру, қамқорлық жасау арқылы рухани адамгершілік қағидаларын дұрыс қолдана білуге дағдылау. Сол себепті арнайы кітапхана оқырмандарын назырдан тыс қалдырмай, оларға арнап мәдени іс-шаралар, семинарлар, тренингтер, түрлі жобаларды жүзеге асыруда және айлық аясында БАҚ –да зағип жандардың өмірі, қызметі, жетістіктері туралы бағдарламалар мен мақалалар жарияланады. Осы орайда, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкерлері, «Қазақ Соқырлар Қоғамы» Жамбыл облыстық филиалының мүшелері және №2 «Болашақ» мектеп – интернатының оқушылары «JAMBYL TV» Жамбыл облыстық телеарнасының таңғы «Rauan» бағдарламасында қонақта болды. Олар зағип жандар турасында, кітапхана тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жеткен жетістіктері жөнінде сұхбаттасты.
Алдағы уақытта айлық аясында жергілікті БАҚ-тан «Ақ таяқ» күніне орай тың ақпараттарды оқып, көре аласыздар.