«САЗГЕР САЛҒАН САРА ЖОЛ» БІР КҮН-БІР ДӘУІР, УАҚЫТ КАПСУЛАСЫ

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты оқушыларына қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай «Сазгер салған сара жол»  бір күн – бір дәуір форматындағы уақыт капсуласы ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қазақтың күй өнеріндегі жауһар туындылардың бірі – «Адай» күйімен ашылып, қатысушыларды ұлттық рух пен терең сезім әлеміне жетеледі. Шара барысында композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды бейнеролик көрсетіліп, оның қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуына қосқан зор үлесі жан-жақты таныстырылды.

Сонымен қатар «Ұлт музыкасының шамшырағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға сазгердің еңбектері мен ол туралы құнды әдебиеттер ұсынылды. Көрме арқылы оқушылар композитор мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шараның ерекше әсерлі бөлігі – «Сазгерге хат» бөлімі болды. Бұл кезеңде оқушылар өз жүрек түкпіріндегі ойларын қағаз бетіне түсіріп, композиторға, сондай-ақ жалпы өнерге деген сүйіспеншіліктерін, ризашылықтарын білдірді. Зағип және әлсіз көретін оқушылар үшін музыка – ерекше сезінілетін әлем екені анық байқалды.

Аталған шара «бір күн – бір дәуір» ұғымын терең ашып, Ахмет Жұбановтың өмір жолы арқылы тұтас бір дәуірдің рухани келбетін танытты. Уақыт капсуласына енгізілген бұл күннің жазбасы – болашақ ұрпаққа өнердің мәңгілік құндылық екенін жеткізетін маңызды мұра болмақ.