«Тiflo-Асхана» жобасының кезекті қонағы арнайы кітапхананың тұрақты оқырманы, «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшесі, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің білмгері Жанабаева Рахила Нұрланқызы қатысты

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Анаға тағзым» орталығымен бірлесіп көру қабілеті нашар азаматтарды кедергісіз әлеуметтік ортаға тарту, аспаздық дағдыларды үйрету арқылы оңалту және бейімдеу, дыбыс бойынша түрлі тұрмыстық аспаптарды анықтау, ас үйде жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға баулу мақсатында «Тiflo-Асхана» жобасын өткізді.

Асхананың кезекті қонағы арнайы кітапхананың тұрақты оқырманы, «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшесі, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің білмгері Жанабаева Рахила Нұрланқызы болып, жеңіл, өте дәмді, құрамы дәруменге бай, тез дайындалатын «Виолетта» салатын жасады. Салат дайындау барысында еркін әңгіме өрбіп, болашақта балаларға массаж жасап емдеу үшін «массаж» мамандығын таңдағанын, алға қойған мақсаттары мен жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға асханада ас даярлауда ескеретін қауіпсіздік ережелерін айтып, арнайы кітапхананың асханалық жобасының зағип жандар үшін тағам жасауды үйренуге мол мүмкіндік екенін жеткізіп,  жобаға қатысуға шақырды.

Іс-шара соңында кітапханашы арнайы кітапхана алдағы уақытта да облыстың зағип жандарына түрлі тағам түрлерін үйрету жұмысын жүргізетінін жеткізді. Ал, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Рахила Нұрланқызына сәттілік тілесе, «Асыл аналар» вокалдық ансамбльінің мүшесі Ш. Сартбергенова асқақ арманына қол жеткіз-деп ақ батасын берді.