Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен “Кітап Time” клубының кезекті отырысы өтті.

Тағылымы мол бұл рухани кеш Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығымен бірлесе ұйымдастырылып, Әлем кәсіби білім беру колледжі қабырғасында өз мәнінде өрбіді.
Кездесудің басты мақсаты – жастарды кітап оқуға баулу, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ұлттық әдеби мұраларды насихаттау болды. Кеш барысында қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты терең мазмұнды шығармасы талқыланды. Шығармада соғыс жылдарындағы ауыр тағдыр, адам өмірінің күрделі кезеңдері, үміт пен күрес тақырыптары кеңінен қамтылған. Шара жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетуден басталды. Сонымен қатар, кеш барысында терме айтылып, кітапқа арналған арнау оқылды. Күй орындалып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. Кітап талқылау бөлімінде қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, шығарма төңірегінде пікір алмасты. Бұл кездесу оқырмандарға терең ой салып, кітаптың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.